Қаржылық пирамидалар: жылтыр сыртқы көріністің астарындағы алаяқтықты қалай тануға болады

time 9.09.2026

Тәуекелсіз жоғары кіріс, халықаралық жобаларға инвестиция, өз онлайн-платформасы, тіпті презентациялар өткізілетін кеңсе — бүгінде қаржылық пирамида бұрынғы таныс схемаға мүлдем ұқсамауы мүмкін.

Қазіргі қаржылық пирамидалар қалай бүркемеленеді, оларды ұйымдастырушылар қандай тәсілдерді қолданады және жобаға ақшаңызды сеніп тапсырар алдында нені тексеру қажет — Fingramota.kz айтып береді.

 86 мыңнан астам адам пирамидаларға тартылған

Бүгінде қаржылық пирамидалар инвестициялық компаниялардың, криптожобалардың, халықаралық бизнестің немесе табыс табу сервистерінің кейпінде жасырынуы мүмкін. Оларды таратуда сайттар, әлеуметтік желілер, Telegram-арналар, реферальдық бағдарламалар және қатысушы «өсіп келе жатқан» кірісті көретін жеке кабинеттер қолданылады.

Бұл ретте пирамидалық модельдің басты қағидасы мынада: қатысушыларға төлемдер нақты экономикалық немесе инвестициялық қызметтен түсетін тұрақты кіріс есебінен емес, негізінен жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Жаңа салымшылар келіп тұрғанда, жүйе жұмыс істей алады. Ақша ағыны тоқтаған кезде төлемдерге қатысты проблемалар басталады.

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) деректері бойынша, 2025 жылдың басынан бері 36 қаржылық пирамида жойылды, оларға 86 мыңнан астам азамат тартылған.

Осы кезеңде ҚМА 46 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, олар 19 қаржылық пирамидаға қатысты. Мүлікке тыйым салуды ескергенде, 12,5 млрд теңге залалдың орны толтырылды.

Мұндай жобалардың едәуір бөлігі интернетте таратылады. 2025 жылдың басынан бері ҚМА жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 7 мыңнан астам интернет-сайтты бұғаттады және Instagram мен Telegram-дегі 43 құқыққа қарсы чатты жапты, олардың жалпы аудиториясы — 276 мың қатысушы.

Қаржылық пирамиданы «инвестициялық компания» етіп қалай бүркемелейді

Кең таралған тәсілдердің бірі — адамның алдында нағыз инвестициялық бизнес тұрғандай әсер қалдыру.

Көрнекті мысал — Sax Invest. ҚМА деректері бойынша, компания өзін инвестициялық қор әрі Африкада алмас өндіру жөніндегі халықаралық жобаның қатысушысы ретінде таныстырған. Салымшылардан 9 млрд теңгеден астам қаражат тартылған. Бұл ретте ҚМА ақпаратына сәйкес, салымшылардың ақшалай қаражаты ұйымдастырушының жеке банк картасына аударылған.

Тағы бір нұсқа — шетелдік тіркеу және цифрлық активтер. Imrat Group ісінде, ҚМА ақпараты бойынша, ұйымдастырушылар жобаны Канадада, Гонконгте және Ұлыбританияда тіркелген деп мәлімделген халықаралық инвестициялық компания ретінде көрсеткен.

Қатысушыларға күніне 0,5%-дан 1,5%-ға дейін кірістілік ұсынылған. Қатысу үшін реферальдық сілтеме арқылы тіркеліп, криптоәмиянға USDT-мен ақшалай қаражат салу қажет болған.

Нағыз бизнес бейнесін жасау үшін ұйымдастырушылар кеңселер жалдап, презентациялар мен конференциялар өткізіп, жоғары кірістілік пен салымдардың қауіпсіздігі туралы материалдар жарияланатын Telegram-арнаны дамытқан. ҚМА деректері бойынша, төлемдер жаңа түсімдер есебінен жүзеге асырылған. Жобаға 30 адам тартылып, олар 89 млн теңгеден астам қаражат салған. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Бұл жағдайлар сыртқы тексерудің ғана жеткіліксіз екенін көрсетеді. Кеңсе, сайт, шетелдік тіркеу, презентациялар және криптовалютаны пайдалану өздігінен жобаның сенімділігін растамайды. Ұйымның мәлімделген қызметті жүзеге асыруға құқығы бар-жоғын, қажетті лицензиясы немесе өзге де рұқсаты бар-жоғын, нақты қандай қаржылық өнім ұсынатынын және кірістің қандай қызмет есебінен қалыптасатынын тексеру маңызды.

«Кіріс» тек экранда ғана болғанда

Нағыз инвестициялық қызмет жүріп жатқандай әсер қалдыратын тағы бір құрал — жеке кабинет. ҚМА хабарлаған World Business Consulting ісінде қатысушыларға жоғары кірістілігі бар инвестициялық бағдарламалар ұсынылған. Ведомство деректері бойынша, компанияның қажетті лицензиясы болмаған, ал нақты инвестициялық операциялар жүргізілмеген.

Оның орнына қатысушыларға онлайн-платформада жалған кірістілік көрсетілетін жеке кабинеттер берілген, ал түскен қаражат қаржылық пирамида қағидасы бойынша қатысушылар арасында қайта бөлінген.

Адам үшін мұның бәрі сенімді көрінуі мүмкін: баланс өседі, кіріс есептеледі, операциялар тарихы көрсетіледі. Бірақ жеке кабинеттегі сан оның артында нақты активтер, мәмілелер мен пайда тұрғанын әлі білдірмейді.

Сондықтан платформада көрсетілетін ақпаратты ақшалай қаражаттың нақты қозғалысынан және шынайы активтер мен инвестициялық операциялардың бар-жоғынан ажырата білу маңызды.

Тендерлердегі «табыс»

Қаржылық пирамида әбден түсінікті бизнестің де кейпіне енуі мүмкін. ҚМА деректері бойынша, «Жұлдызай» және «Аяулым» ісінде ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде өздерін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп, азаматтарға мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін деген желеумен ақша салуды ұсынған.

Ең төменгі салым 1 млн теңгені құраған, ал уәде етілген пайда 40 күнде 90%-дан асқан. Сонымен қатар қатысушыларға өздері тартқан адамдардың салымынан 10% мөлшерінде сыйақы ұсынылған.

Нәтижесінде жобаға 60 адам тартылып, келтірілген залал 490 млн теңгеден асқан.

Мұнда бірден бірнеше тәуекел белгісі қатар кездеседі: қысқа мерзімдегі әдеттен тыс жоғары кірістілік және жаңа қатысушыларды тартқаны үшін берілетін сыйақы.

Сондықтан пайдалы деп мәлімделген бизнеске ақша салу ұсынылғанда мынаны сұраған жөн: мұндай кірістілікті қандай нақты операциялар есебінен алуға болады және төлемдерде жаңа қатысушылардың ақшасы қандай рөл атқарады?

Неге алғашқы төлемдердің өзі ештеңеге кепілдік бермейді

Қазіргі пирамидалар тек кіріс уәдесін ғана сатпайды. Олар сенімділік сезімін тудыруға тырысады.

Ол үшін кәсіби сайттар мен қосымшалар, кеңселер мен презентациялар, жабық инвестициялық қауымдастықтар, қымбат автокөліктердің суреттері, табысты қатысушылардың әңгімелері және таныстардың ұсыныстары пайдаланылуы мүмкін.

Әсіресе алғашқы төлемдер сенімді әсер қалдырады. Егер адам шынымен ақша алса, күмән азаяды: жоба жұмыс істеп тұрғандай көрінеді, ал ол туралы туыстары мен достарына айта бастайды.

Алайда пирамидалық модельде алғашқы қатысушылар төлемдерді дәл келесі салымшылардың қаражаты есебінен алуы мүмкін. Сондықтан танысыңыздың кіріс алғаны жобаның тұрақтылығын әлі дәлелдемейді.

Сондай-ақ оң пікірлердің, табысты қатысушыларды көрсетудің, қымбат мүліктің суреттерінің, тіпті жұмыс істеп тұрған кеңсенің болуы ұйымның қаржылық тұрақтылығын және ақшалай қаражат тартудың заңдылығын растамайтынын есте ұстаған маңызды.

Ақша аудармас бұрын нендей белгілер күдік тудыруы тиіс

Қаржылық пирамиданың әрқашан бір ғана айқын белгісі бола бермейді. Сондықтан жекелеген белгіні емес, ұсынылып отырған бүкіл бизнес-модельді тұтастай бағалаған және бірнеше сұрақ қойған жөн.

  • Кіріс қайдан келеді? Егер пайданың көзін түсінікті түсіндіру мүмкін болмаса немесе ол негізінен жаңа қатысушылардан түсетін қаражатқа саятын болса, бұл — елеулі тәуекел белгісі.
  • Неге мұндай кірістілікті уәде етеді? Тәуекел барынша аз кезде қысқа мерзімде ондаған пайыз табу туралы ұсыныстар аса мұқият тексеруді талап етеді. Ықтимал кірістілік неғұрлым жоғары болса, әдетте тәуекел де соғұрлым жоғары.
  • Қатысушыларға не үшін төлейді? Егер сыйақының едәуір бөлігі жаңа адамдарды тартуға және олардың салған ақшасына байланысты болса, бұл — пирамидалық модельдің тән белгілерінің бірі.
  • Ақшаны кімге аударып жатырсыз? Заңды тұлғаны, құжаттарды және мәлімделген қызметке қажетті рұқсаттардың бар-жоғын тексеріңіз. Егер ақшаны жеке тұлғаның жеке картасына немесе криптоәмиянына аударуды ұсынса, аса сақ болыңыз.
  • Жаңа қатысушылар келуін тоқтатса, не болады? Егер жаңа ақшаның тұрақты ағынысыз жүйе өз міндеттемелерін орындай алмайтын болса, оның бизнес-моделі шын мәнінде неге сүйенетінін ойлану қажет.

6.  Сіз нақты нені сатып аласыз немесе қаржыландырасыз? Ақша аудармас бұрын нақты қандай қаржылық өнімді, активті, тауарды немесе қызметті сатып алатыныңызды, қандай құқықтар алатыныңызды және салған қаражатыңызды қалай қайтара алатыныңызды түсіну қажет.

Сондай-ақ қаржылық шешімдерді қысым астында қабылдамаңыз. «Тек бүгін ғана», «бірнеше орын қалды» немесе «ертең шарттар өзгереді» деген тіркестер — аударымды жеделдетуге емес, тексеруге уақыт бөлуге себеп.

Жобаны ресми дереккөздерден тексеріңіз

Ақша салмас бұрын жобаны өз бетіңізше тексерген жөн. ҚМА өзінің ресми интернет-ресурсында қаржылық пирамида белгілері бар құқыққа қарсы қызметке байланысты заңды тұлғалар мен жобалардың тізілімін, сондай-ақ қаржылық пирамида белгілері бар жобалардың тізімін жариялайды.

Сонымен қатар күдікті интернет-ресурстарды тексеру үшін ҚМА-ның «Baiqa, piramida!» Telegram-ботын пайдалануға болады.

Бұл ретте жобаның жарияланған тізімде болмауы өздігінен оның сенімділігіне кепілдік бермейді. Жоба туралы ақпараттың тізбеде болуы немесе болмауы оның қызметін, құжаттарын, лицензияларын және кіріс көздерін өз бетіңізше тексеруді алмастырмайды.

Жобаны тексеру кезінде мыналарды дәйекті түрде анықтаған жөн: ақшаны кім қабылдайды, қандай негізде, ұйымның мәлімделген қызметті жүзеге асыруға құқығы бар ма, қандай өнім немесе актив ұсынылады, кіріс қайдан қалыптасады және қатысушыларға төлемдер қалай жүзеге асырылады.

Ең бастысы — сізге не есебінен төлейтінін түсіну

Бүгінде қаржылық пирамида инвестициялық қордың, халықаралық жобаның, криптоплатформаның, онлайн-бизнестің немесе мемлекеттік сатып алуға ақша салу ұсынысының артына жасырынуы мүмкін. Ертең жаңа аңыздар мен қатысушыларды тартудың жаңа тәсілдері пайда болады. Сондықтан басты ереже қарапайым күйінде қалады: қанша табуға болатынын санамас бұрын, сізге не есебінен төлемек екенін анықтап алыңыз. Егер кіріс көзін түсінікті түсіндіру мүмкін болмаса, мұндай ұсыныстан бас тартқан дұрыс.

Сақ болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!


white-arrow Тізімге