Бір схема – түрлі сценарийлер: алаяқтардың жаңа айлалары

time 2.09.2025

Қазақстан азаматтары банк қызметкері, құқық қорғау органдарының өкілі атынан қоңырау шалатын жалған хабарламаларға немесе «картаңыз бұғатталды» деген SMS-терге үйреніп қалған. Алайда алаяқтар бір орында тұрған жоқ: олардың әдістері барған сайын күрделене түсуде. Бүгінде SMS-кодты тікелей сұраудың орнына қашықтан қол жеткізу технологиялары қолданылуда. Fingramota.kz жаңа схемалар туралы және олардан қалай қорғану керектігін түсіндіреді.

Қауіпті технологиялар

Қазір қылмыскерлер SMS-кодты тікелей айтуды сұрамайды. Олар жәбірленушіні экранды көрсетуге немесе AnyDesk, TeamViewer сияқты қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуға иландырады.

Сылтаулары әртүрлі болуы мүмкін: «құрылғыны тексеру», «өтінішті толтыруға көмектесу», «техникалық ақауды жою». Жәбірленуші келісіп, қосылым орнатқаннан кейін оның телефонына мемлекеттік қызметтер порталына кіру немесе операцияны растау үшін код келеді. Адам кодты ауызша айтпаса да, алаяқтар экраннан көріп, оны ақша аудару немесе өзге де заңсыз әрекеттер үшін пайдаланады.

Бұл әдістің қауіптілігі – жәбірленуші өз құрылғысын толық бақылауды қылмыскерлерге беріп қойғанын аңғармай қалады. Осы сәтте алаяқтар банк картасының деректерін, жеке кабинеттерге кіруді, қосымшалардағы мәліметтерді көре алады.

Бейнеқоңыраулар арқылы жасалатын схемалар да кең таралуда. Жәбірленушіге мессенджерде «курьер» немесе «оператор» болып хабарласады, сенім ұялату үшін бейнеқоңырау ашады. Сол уақытта бейнежазба жасап, қашықтан қол жеткізуге немесе экранды жазуға рұқсат сұрайды.

Алынған кодтар мен деректерден бөлек, жазбаларды да кейін жәбірленушінің туыстары мен таныстарын алдау үшін қолданады. Бұл үшін алаяқтар «deepfake» технологиясын пайдаланып, өзін шынайы адам ретінде көрсетеді.

Ескі, бірақ әлі де өзекті тәсілдер

Жалған интернет-дүкендер мен онлайн-сауалнамалар өзекті болып қала беруде. Адамдарға арзан бағада тауар ұсынады да, алдын ала төлем алғаннан кейін жоғалып кетеді. Кейде «сыйлық береміз» деп анкета толтыруды сұрайды, бірақ карта деректері мен CVV-кодты енгізуді талап етеді. Бұл деректердің өзі-ақ шотты босатуға жеткілікті.

Классикалық әлеуметтік инженерия әдістері де танымал: жалған сайттар арқылы фишинг, зиянды ресурстарға апаратын QR-кодтар, нөмірді ауыстырып қоңырау шалу, белгілі тұлғаның бейнесін көрсетіп, ақша салуға шақыратын дипфейктер.

Сондай-ақ «қайтадан алдау» тәсілі де жиі кездеседі: бұрын зардап шеккендерге «ақшаны қайтарып береміз» деп хабарласып, сенімге кіреді. Нәтижесінде бұл жаңа алдау әрекетіне айналады.

Әдістер әртүрлі болғанымен, мақсат ортақ: адамды сендіріп, өз қолымен алаяқтарға қаржылық ресурстарға жол ашу.

Қалай қорғануға болады

Негізгі қорғаныс құралы – сыни ойлау және сақтық.

  • Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша телефонға немесе компьютерге ешқашан қосымша бағдарлама орнатпаңыз. Егер қоңырау шалушы өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса да, есте сақтаңыз: ресми ұйымдар экран көрсетуді немесе қашықтан басқару бағдарламасын орнатуды талап етпейді.
  • Бейтаныс интернет-дүкендерден тауар сатып алмас бұрын немесе сауалнамаға қатыспас бұрын ақпарат көзін мұқият тексеріңіз. Шынайы компаниялар тек ресми сайттар мен сенімді төлем жүйелерін пайдаланады. CVV-кодты енгізу немесе SMS жіберуді сұрау – алаяқтықтың айқын белгісі.
  • Жақындарыңызға, әсіресе егде жастағыларға ескертіңіз: полиция да, банк те, мемлекеттік орган да ешқашан «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды талап етпейді. Күмәнді қоңырау алсаңыз, бірден тұтқаны қойып, ұйымның ресми сайтындағы байланыс нөміріне өзіңіз қоңырау шалыңыз.
  • Қосымша қорғаныс ретінде цифрлық құралдарды пайдаланыңыз: екі факторлы аутентификация, транзакциялар бойынша push-хабарламалар, күрделі құпиясөздер. Бұл әдістер күдікті әрекеттерді дер кезінде байқап, алаяқтарды тоқтатуға мүмкіндік береді.

Ең бастысы: егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, уақыт жоғалтпаңыз. Банкке және полицияға неғұрлым тез хабарлассаңыз, қаражатты тоқтатуға немесе ізін кесуге мүмкіндік жоғары болады.

Жаңа алаяқтық схемаларын бақылап отырыңыз, олардан қорғану жолдарын біліңіз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге