Алаяқтық схемалар бір орында тұрмайды, олар заман ағымымен бірге үнемі өзгеріп, түрленіп отырады. Бұрын қарапайым қаржылық пирамида ретінде белгілі болған тетіктер бүгінде «инновациялық» криптожобалар кейпіне енген. Атауы өзгереді, технологиясы күрделене түседі, алайда мәні сол күйінде қалады: пайда тек ұйымдастырушыларға тиесілі, ал қарапайым қатысушылар ақшасынан айырылады.
Қазіргі криптопирамидалар қалай жұмыс істейді, олар заңды инвестициялардан несімен ерекшеленеді және қандай белгілер күмән тудыруы тиіс — осының бәрін Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.
Криптовалюталық пирамидалар қалай жұмыс істейді
Ауқымды жарнама науқандары
Осындай тәсілді Батыс Қазақстан облысында қазан айында әшкереленген Imrat Group пирамидасының ұйымдастырушылары қолданған. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, алаяқтар заңды инвестициялық қызметтің көрінісін қалыптастыру үшін кең көлемді жарнама науқанын жүргізген. Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жұмыс істеп, жоғары табыс пен салымдардың қауіпсіздігі туралы уәделер айтылған бейнероликтер таратқан, сондай-ақ презентациялар мен онлайн-конференциялар өткізген.
Криптопирамида өзін Канадада, Гонконгта және Ұлыбританияда тіркелген халықаралық инвестициялық компания ретінде көрсеткен. Қатысушыларға жоғары табысты бағдарламалар ұсынылып, оған қатысу үшін криптоәмиянға 20 доллардан 10 000 долларға дейін қаражат салу талап етілген. Тергеу мәліметінше, 30 адам зардап шегіп, 89 миллион теңгеден астам қаржысын жоғалтқан. Ұйымдастырушылар сот алдында жауап беріп, бас бостандығынан айыру жазасына тартылуы мүмкін.
«Табысты» кәсіпке салынатын жалған инвестициялар
Қазан айының ортасында құқық қорғау органдары S-Group қаржылық пирамидасына қатысты тергеуді аяқтады. Адамдарды S-Pharmaceutical жобасы және басқа да «инвестициялық бағыттар» арқылы медициналық каннабис өндіру мен таратумен байланысты инвестициялар деген желеумен тартқан. Қатысушыларға әрбір жаңадан тартылған адам үшін табыс уәде етіліп, жүйеге кіру үшін сайтта тіркеліп, 100 доллардан бастап жарна төлеу қажет болған.
Тергеу деректеріне сәйкес, схемаға 59 адам тартылып, олар 136 миллион теңгеден астам қаражат салған. Бұл ақшаға алаяқтар Астанадан автотұрағымен бірге екі пәтер сатып алған, сот шешімімен мүлікке тыйым салынды. Ұйымдастырушылар сотқа тартылады, оларға нақты түрме жазасы қаупі төніп тұр.
Жеңіл «жұмыс» үшін жоғары табыс
Кейбір азаматтар бейнеролик көру арқылы қомақты табыс табуға болады деп сеніп, алдануы мүмкін. Boxy Wealth қаржылық пирамидасының ұйымдастырушылары өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, жарнамалық материалдарды қарағаны үшін салымшыларға жоғары табыс уәде еткен. Салынған сомадан тәулігіне 5–10% табыс береміз деп сендірген, ал қатысу үшін алдын ала ақы төлеу қажет болған.
Сонымен қатар, реферальды сілтемелер арқылы жаңа қатысушыларды тартқаны үшін әрбір салымнан 10% көлемінде дивиденд уәде етілген. Нәтижесінде 180-нен астам адам зардап шегіп, жалпы сомасы 230 миллион теңгені пирамиданың айналымына енгізген.
Жалған криптовалюта саудасы мен псевдомайнинг
Криптовалюта мен майнингтен табыс табуға болады, алайда ол үшін қаржы нарығын терең түсіну қажет. Бұл салада сырттан «көмек» уәде етілсе, ол — алаяқтықтың айқын белгісі. Мұны қыркүйекте Алматыда ұсталған «Амир Капитал» қаржылық пирамидасының салымшылары өз тәжірибесінде көрді.
Өзін халықаралық инвестициялық қор ретінде көрсеткен бұл пирамида үш жыл бойы Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан азаматтарынан қаражат тартқан. Қатысушыларға криптовалюта саудасы, майнинг және түрлі жобаларға инвестиция салу арқылы 5–10% тұрақты табыс уәде етілген. Қатысушылар реферальды сілтемелер арқылы тіркеліп, қаражат тек Amir Wallet электронды әмияны арқылы криптовалюта түрінде қабылданған. Алаяқтардың әрекетінен 40-тан астам адам зардап шеккен, келтірілген шығынның нақты көлемі белгісіз.
Ғимараттар мен көлікті жалға беруден түсетін «табыс»
Мамыр айында Қызылорда облысында HRT қаржылық пирамидасының ұйымдастырушылары ұсталды. Олар жобаны электросамокаттарды сатып алып, кейін Еуропа елдерінде жалға беру арқылы табыс табатын заңды инвестициялық бизнес ретінде таныстырған. Салымшыларға тұрақты пассивті кіріс пен салымның тез қайтарылуы уәде етілген. Қатысу үшін криптовалютаны электронды биржалардан HRT деп аталатын арнайы шотқа аудару қажет болған, инвестициялық операциялар осы шот арқылы жүргізіледі делінген.
Міндетті шарт ретінде жүйеге кемінде екі жаңа қатысушы тарту талап етілген. Нәтижесінде 200-ден астам адам 50 доллардан 35 мың долларға дейін қаражат салып, ай сайын 1 200 долларға дейін төлем алуды көздеген. Жалпы шығын 28 миллион теңгеден асты.
Криптовалюталық пирамиданы қалай тануға болады
«Халықаралық қорлардан» бастап электросамокаттарды жалға беру мен бейнеролик көруге дейін әртүрлі аңыздарға қарамастан, барлық криптовалюталық пирамидалар бірдей қағидатпен жұмыс істейді. Біз негізгі белгілерді жинақтадық.
Кепілдендірілген және жоғары табыс уәде етіледі. Егер сізге «тәуекелсіз тұрақты пайда» деп сендірсе — бұл қауіпті белгі. Инвестицияда, әсіресе аса құбылмалы криптовалюта нарығында, кепілдендірілген табыс болмайды.
Табыс жаңа қатысушыларды тартуға тәуелді. Әрбір әкелген адам үшін бонустар, пайыздар немесе «мансаптық өсу» уәде етілсе, бұл — пирамиданың классикалық белгісі. Төлемдер нақты пайдадан емес, жаңа салымшылардың ақшасы есебінен жүзеге асады.
Қаражат тек криптовалюта түрінде қабылданады. USDT, BTC, ETH сияқты аударымдардың келісімшартсыз, ресми деректемелерсіз белгісіз әмияндарға жіберілуі — алаяқтар үшін ыңғайлы құрал. Мұндай операцияларды қадағалау да, қайтару да өте қиын.
Реферальды сілтемелер арқылы тіркеу. Жеке кабинет ресми қаржы платформалары арқылы емес, реферальды жүйесі бар сайттарда ашылады. Бұл пирамиданы тез кеңейтіп, адамдарды жаппай тартуға мүмкіндік береді.
Нақты бизнес орнына әдемі аңыздар. Майнинг, трейдинг, медициналық каннабис, Еуропадағы көлік жалдауы, бейнеролик көру, халықаралық қорлар — мұның бәрі тек «қаптама». Көп жағдайда шынайы қызмет мүлде болмайды.
Белсенді жарнама мен «мотивациялық» іс-шаралар. Презентациялар, конференциялар, әлеуметтік желілердегі роликтер, «табысты өмір» туралы оқиғалар, сән-салтанатты көрсету — барлығы жобаның сенімділігі мен ауқымдылығы туралы жалған әсер қалыптастырады.
Лицензияның болмауы. Криптопирамидалар қаржы реттеушілерінің лицензиясына ие болмайды. Компанияның заңдылығын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арқылы тексеруге болады. Лицензияның жоқтығы — алаяқтықтың айқын дәлелі.
Қысым көрсету және асықтыру. «Соңғы мүмкіндік», «ертең кіру қымбаттайды», «орындар шектеулі» сияқты сөздер — психологиялық қысым жасау әдісі. Нағыз инвестициялық жобалар асығыс шешім қабылдатпайды, ойлануға және барлық тәуекелді таразылауға уақыт береді.

Ең бастысы — криптовалюталық пирамидалардың соңы әрдайым бірдей: алғашқы қатысушылар аздаған табыс көруі мүмкін, ал қалғандарының барлығы ақшасынан айырылады. Көп ұзамай ұйымдастырушылар миллиондармен бірге ғайып болады. Сондықтан егер сізге тәуекелсіз жеңіл ақша, міндетті түрде жаңа адамдар тарту және келісімшартсыз криптовалюта аударымдары ұсынылса — бұл инвестиция емес, тұзақ.
Цифрлық алдау: криптопирамидаларды қалай тануға болады
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Кешіктіруден шешімге дейін: кредиттер бойынша берешекті реттеу тәртібі қалай өзгерді
Жаңа жыл алдындағы тур: саяхатшылар үшін пайдалы лайфхактар
Жинақтар және кредиттер: кірістер мен шығыстарды қалай теңестіруге болады
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық түрлері: нелерді білу қажет?