Қазіргі заманның балалары көздерін ашқаннан Дүниежүзілік торға шығуға мүмкіндік беретін түрлі гаджеттерді қолданады. Қазір тіпті оларға қатысты арнайы «digital natives» («цифрлық ұрпақ») термині пайда болды. Бұл жерде интернеттің қауіпі жөнінде айтып отыру өте маңызды, себебі киберқылмыстардың саны, оның ішінде балаларға қарсы қылмыстар саны жылдан жылға өсуде.
Балалар интернеттегі қауіпсіздік жөнінде не білулері маңызды екенін Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.
«Сілтемеге баспас бұрын, ойлан»
Жыл сайын миллиондаған жасөспірімдер білместіктен алаяқтық схемалардың құрбандары немесе оның қатысушылары болып жатады. Бәрі әлеуметтік желіде лайк басудан немесе репост жасаудан басталуы мүмкін. Бұл алаяқтар үшін белгі болуы мүмкін, олар көзді-ашып жұмғанша сіздің балаңызды «иірімге» тартып әкете алады.
Алаяқтар белгілі бір сценарий бойынша, яғни бала қызығушылық танытатын салаға немесе ақпаратқа байланысты әрекет етеді, ол жөнінде интернет арқылы біліп алады. Қаскүнемдерге балалармен жабық чаттарда іс-әрекеттесу маңызды, олар баланың телефонына шпиондық қосымшалар орнатуға немесе дербес деректерді жария еткізуге тырысады (ата-анасының карточкасының толық деректемелері, SMS-пен келетін код және басқалар), сондай-ақ ата-анасына, туысқандарға, достарына вирус жұққан файлдарды жіберуді сұрайды.
Желіде мұндай топтарды бұғаттау және алаяқтардың жолын кесу өте қиын, себебі белгілі бір уақытқа дейін формалды түрде олар заңды бұзбайды. Және де алаяқ өз құрбанымен жеке әрекеттеседі.
Кеңес: Балаларға технологиялардың өзі қауіпті емес, оларды жеке мақсатына қолданатын адамдар қауіпті екенін түсіндіру маңызды. Сондықтан балаларға мынадай нәрселерге «ЖОҚ» деп айтуды үйретіңіз:
- бейтаныс сайттарға кіру;
- күдікті сілтемелер бойынша өту,
- күдікті әрекеттерге қатысу.
Балаңыздың гаджетіне антивирустық қосымшаны орнатыңыз және барлық күмәнді және түсініксіз жағдайда балаңыз Сізге немесе Сіздің туыстарыңызға хабарласа алатындығына көз жеткізіңіз.
«Жылтырағанның бәрі алтын емес»
Балалар көп уақытын танымал әлеуметтік желілерде өткізеді, өздерінің фотосуреттерін, билері, ойындары жазылған бейнероликтерді орналастырады.
Бір қарағанда, бұл жерде қауіпті ештеңе жоқ сияқты, бірақ олар өздері және жақындары туралы алаяқтар пайдалана алатын артық ақпаратты жариялауы мүмкін. Мысалы, бұл – ата-анасының шоттарына сілтемелер, төлем карточкасының фотосуреттері, олардың орналасқан жері туралы белгілер. Өкінішке орай, мұндай бейқамдық бүкіл отбасы үшін жағымсыз салдары бар ауыр кибершабуылдарға айналуы мүмкін.
Кеңес: Балаларға әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты, оның ішінде жасын, өздері оқитын мектептің нөмірін, ұзақ сапарларға, каникулдар мен ата-анасының демалысына қатысты жоспарларды, пәтердің, көліктің немесе үйдің фотосуреттерін, банк карталарын немесе туыстарының кімдер екенін, жүрген жерін және ұялы телефон нөмірін көрсетуге болмайтынын түсіндіріңіз. Мұндай деректерді алаяқтар пайдалануы мүмкін.
«Экранның ар жағындағы адамға сене берме»
Цифрлық даму дәуірінде балалардың 90%-ы достарымен әлеуметтік желілер арқылы байланысады.
Бірақ мұндай әлеуметтік еркіндіктің кемшілігі де жоқ емес: балалар киберқылмыскерлермен бетпе-бет келуі мүмкін. Қаскүнемдер басқа адамның фотосуреттерін пайдаланып, әлеуметтік желілерде балалардың ұқсас немесе тіпті бірдей профильдерін жасайды. Балалар өз құрдастарымен сөйлесіп отырмын деп ойлауы мүмкін, ал шын мәнінде бұл ересек адам болуы мүмкін. Интернетте жеке деректердің түпнұсқалығын тексеру қиын.
Алаяқтар балаларды офлайн режимінде кездесуге немесе ақша тарту арқылы оларды көп ойыншы қатысатын ойындарға тартады. Мұндай онлайн ойындардың жұмыс принципі бірдей: балаларға заттарды, мысалы, қобдишаларды нақты ақшаға сатып алу ұсынылады, ал ұтысты қаскүнемдер арнайы сервистердің көмегімен шығаруға кепілдік береді.
Кеңес: Балаларды бейтаныс адамдардың достыққа қосу туралы ұсынысын қабылдамауға, кездесуге шақыруына мән бермеуге, күмәнді онлайн ойындарға қатыспауға және оларға жеке деректерін жібермеуге үйретіңіз.
Сондай-ақ, баланы интернеттегі жағымсыз ақпараттан қорғаудың әртүрлі техникалық құралдары бар. Ең алдымен, бұл антивирус, оны тек компьютерде ғана емес, смартфондар мен планшеттерде де орнату маңызды. Бұдан басқа, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі үшін ата-ана тарапынан бақылау функциялары бар арнайы бағдарламалар бар.
Тыйым салған нәрсеге қызығушылығы артатынын ескеріп, баланы интернетті қолданудан толығымен шектемеген жөн. Одан да оған бірнеше маңызды ұсыным беріп, оларды міндетті түрде өзіңіз де қолданыңыз.
Цифрлық тазалықты сақтаңыз!
Күмәнді сайттарға кіріп, күдікті сілтемелерге өтпеңіз.
Егер мұндай сайттарға кіріп қойған болсаңыз, ол жақта сауалнама толтырып, өзіңіз және жақындарыңыз туралы жеке ақпаратты енгізбеңіз.
«Спамға» жауап бермеңіз.
Пошта немесе мессенджерлер арқылы ешкімге өзіңіздің кредиттік картаңыздың құпиясөзін нөмірін бермеңіз.
Сіздің картаңыздың ПИН-кодын, картаның арғы бетіндегі үш таңбалы кодты, SMS арқылы келген кодты айтуыңызды сұрайтын, өздерін банк, құқық қорғау органдарының қызметкерлері деп таныстыратын адамдармен сөйлеспеңіз, хабар жібермеңіз.
Өз ұялы телефоныңызды үшінші тұлғаларға бермеңіз және гаджетіңізді қараусыз қалдырмаңыз. Сіздің құрылғыңызға физикалық қолжетімділікке ие болып, алаяқтар оған қауіпті бағдарламалар орната алады.
Онлайн-транзакциялар жасаған кезде, поштаңыздың, әлеуметтік желілердегі аккаунттарыңыздың құпиясөзін енгізу кезінде жалпыға ортақ Wi-Fi-ды пайдаланбаңыз.
Өзіңізге, балаларыңызға абай болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт