Сарапшылар интернет-жарнаманың қаупі туралы

time 7.08.2023

Күн сайын интернет кеңістігінде мыңдаған жарнама ұсыныстарын көреміз. Ол барлық жерде: қосымшаларда, әлеуметтік желілерде, сайттарда. Мұндай жарнама бір қарағанда еш зиянсыз көрінеді. «х» белгісін басып, одан әрі таңдалған фильмді немесе жаңалық топтамасын оқыңыз. Алайда осындай «х» белгісінің біреуі адамдарды жалған веб-сайттарға бағыттауға және пайдаланушылардың гаджеттеріне вирустар енгізуге қабілетті.

Мезі ететін жарнамада қандай қауіп бар екендігін және олардан қалай қорғану қажеттігін Fingramota.kz киберқауіпсіздік саласындағы сарапшылар айтып берді.

Алдаудың басты тәсілі

Қаскүнемдер халықты алдап, олардың жеке және төлем деректерін алу үшін барлығына дайын. Олардың басты мақсаты жарнамамен байланысты – пайдаланушыны шынайы сайт/арна/қосымша арқылы қақпанға түсіру.

«Жарнамада фишингті қолдану алаяқтар үшін ең танымал және сәтті алаяқтық. Бұл мейілінше қарапайым. Алаяқтар танымал интернет-ресурстарда жарнамаға орын иеленеді және зиянкесті бағдарламалық қамтылымдарды жүгіртпелі жарнама хабарландыруға немесе баннерлерге енгізеді. Егер пайдаланушы хабарландыру бойынша басса, онда бірнеше URL-аттар арасында қайта адрестеу болады және жалған веб-сайтқа тап болады да өзінің гаджетіне вирусты бағдарламалық қамтылымды автоматты түрде орнатып алады. Мұндай зиянкесті бағдарламалар жарнамалық хабарландырудың бір пикселінде де болуы ықтимал» деп атап өтеді киберқауіпсіздік, АТ және коммуникациялар саласындағы тәуелсіз сарапшы Евгений Питолин.

Сарапшы жарнаманың алдамшы екенін түсіну үшін Сізге парасатты пайымыңыз көмектесетінін айтады. Мысалы, тез баю схемаларын қамтитын жарнамаға, лотереямен алаяқтықтарға, 1 минутта кредит алуға және т. б. сақтықпен қарау керек. Егер жарнамада қол жетімділік болса, мұның алдамшы болуы әбден мүмкін. Мұны тексеріп, тағдырыңызды сынамаңыз. Бұған мән бермеген жөн.

Тағы неден абай болу керек?

Мезі ететін жарнамалар арқылы Сіз өз компьютеріңізге пернетақта тыңшысын (кейлоггер) да жүктеп аласыз. «Кейлоггер – бұл сіздің пернетақтамен жасаған барлық манипуляцияларыңызды, соның ішінде логиндерді, парольдерді және басқаларының енгізілуін сақтап алатын және жазатын зиянды бағдарлама», - дейді ҚР Ішкі Істер Министрлігінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай. Әрі қарай, сарапшының пікірінше, хакерлер ұстап қалған ақпаратты қашықтықтағы серверіне жібере алады.

Көбінесе тақырыбы «мен мұндалап» тұратын, мезі ететін жарнамалар Сізді танымал инвестициялық компаниялардың клон-сайттарына алып келуі мүмкін. Жалған веб-сайттардың дизайны шынайы веб-сайттармен бірдей. «Алаяқтар ескі схемалар бойынша жұмыс істейді, қор нарығында 99% ықтималдықпен табыс табуға уәде береді немесе қысқа мерзімде қомақты ақша табуға мүмкіндік беретін ғажайып платформаларға кіру үшін сауалнамадан өтуді сұрайды. Бұның соңы неге әкеліп соғатынын болжау қиын емес. Интернет кеңістігінде, әсіресе фишингтік сайттарда өзіңіздің дербес деректеріңізді қалдырмаңыз», - деп ескертеді Жандос Сүйінбай.

Сондай-ақ адамды мезі ететін жарнамалар арқылы сіз жалған интернет-дүкендерге тап болуыңыз мүмкін. «Тауар бағасы басқа сатушылармен салыстырғанда тым төмен болатын сайттарға тап болсаңыз немесе тауарды жеткізу мерзімі мен құрамы хабарландыруда көрсетілген деректермен сәйкес келмейтін жағдайда, сақ болғаныңыз жөн»,-деп атап өтеді сарапшы.

Интернеттегі мезі ететін жарнамадан қалай құтылуға болады?

Біздің айналымыздың барлығы – жарнама. Аялдамада, кіреберісте, тіпті әлеуметтік желілердің өзінде жарнама көп. Одан 100% құтыла алмайтын шығармыз, бірақ қысқартуға болады. Өз иесінің жүрген жерін қадағалап отыратын гаджетегі геолокацияны алып тастасаңыз, таргеттелген (қайталап көрсетілетін) жарнаманы өшіріп тастауға болады. Сондай-ақ, браузердің теңшеулерін мұқият тексеріп, іздеу бөліміндегі деректерді автоматты түрде кэштеуді орнатуға болады. Қайталап шыға беретін жарнамаларды қысқартып немесе тұтастай алып тастай алатын, мысалы AdBlock сияқты тегін қосымшалар бар.

Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшылар сіздің қауіпсіздігіңіздің өз қолыңызда екенін еске салады. Гаджеттеріңізге әрқашан лицензиясы бар бағдарламаларды орнатыңыз. Бұл бағдарламалар сізге зиянды БҚ-ны дер кезінде анықтауға және компьютеріңізді ықтимал қауіптерден қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ смартфон немесе планшетке вирусқа қарсы бағдарлама орнатуды ұмытпаңыз. Әсіресе егер сіз оларды төлемдерді жүзеге асыру үшін пайдалансаңыз, антивирусты орнатыңыз. Apple, Google және Microsoft операциялық жүйелерін үнемі жаңартып отырыңыз, пайда болуы мүмкін осалдықтарды түзетуді де ұмытпаңыз.

Сондай-ақ киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшылар URL-мекенжайдың жазылғанына назар аударуға кеңес береді. Вирус көбіне жоғарыда аталған құрылғыға электрондық поштаға салынған файл арқылы немесе фишингтік сайтқа сілтеме арқылы кіріп жатады. Оның үстіне алаяқтар электрондық поштаның мекенжайын ресми немесе мемлекеттік мекемелердің мекенжайларына ұқсастырып жасап алуы мүмкін, ал банктер мен онлайн-дүкендердің интерфейс - сайттарының сілтемесінде тек бір немесе бірнеше таңбаны өзгертуі мүмкін. Өз деректеріңіздің бұғатталуын болдырмас үшін, үнемі олардың резервтік көшірмесін жасап отырыңыз. Бұл шифр анықтаушы - вирустардан қорғап қана қоймай, сондай-ақ құрылғы сынып қалған жағдайда ақпаратты сақтауға көмектеседі. Қорғау деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым құрылғыңызға және деректеріңізге ешқандай зиян келтірілмейтініне сенімді боласыз. Мұндай мүмкіндігі бар аккаунттардың барлығында қос факторлы аутентификаттауды іске қосыңыз.

Аталған қарапайым да, тиімді қағидаларды сақтасаңыз, қаражатыңызды зұлым алаяқтардан қорғай аласыз. Туғандарыңыз бен жақындарыңыз алаяқтардың қақпанына түсіп қалмас үшін бұл жайында оларға міндетті түрде айта жүріңіз.


Өзіңізге, ақшаңызға абай болып, қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz сайтымен бірге арттырыңыз!

white-arrow Тізімге