Кредиттер бойынша борыштардың өсуіне әкелетін қарыз алушылардың әдетте жіберетін қателіктері

time 27.08.2023

Қазіргі таңда бірде-бір рет кредит немесе бөліп төлеуді рәсімдемеген еңбекке қабілетті жастағы адамды табу қиын. Қарыздың мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін - техниканы сатып алу, майда қысқа мерзімді қарыздан бастап пәтер немесе үй сатып алуға арналған ипотекаға дейін.

Fingramota.kz өзіңізді қарызға батырмау және қарыз алушылардың әдетте жіберетін қателіктері туралы ашып айтады.

Майда қарыз ірі қарыздан қауіпті

Ірі қарыздары бар азаматтар басында қарызға кірмей ай сайынғы табысының қанша бөлігін қарызды өтеуге тұрақты түрде беруі керек екенін түсінеді. Аз мөлшерде қарыз алудың басты қауіптерінің бірі - олардың қолжетімділігі. Бір шағын кредит алған қарыз алушы басқа кредит алуға немесе шағын бөліп төлеуге қызығушылығы артуы мүмкін. Содан кейін адам үшінші, төртінші, бесінші, оныншы кредитті қалай алғанын байқамайды...

Қарыз алушыда кредитке алынған әрбір сома аз болғандықтан, олар бірге оны қарызға батырмайды деген жалған сезім пайда болуы мүмкін. Нәтижесінде, адам барлық кредит бойынша ай сайынғы төлемнің айтарлықтай үлкен екенін анықтаған кезде, ол төлем мерзімін кешіктірмеу үшін үнемдеу режимін ұстануына тура келеді.

Мұндай жағдайды болдырмау үшін сіз алған әрбір шағын кредиттен кейін барлық кредит бойынша ай сайынғы төлемнің жалпы сомасын қағазға жазып алуыңыз керек. Кейін ай сайын қанша төлеу керектігін көзбен елестете отырып, қарыз алушы оған тағы бір шағын кредит қажет пе және оны өтеуге жұмсалатын шығын қаншалықты өсетіні туралы ойланады.

Депозитке сену

Банктерде депозиттерінде белгілі бір жинақтары бар қарыз алушылар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін жиі дұрыс бағаламайды. Олардың логикасы мынадай: «мен қазір депозиттегі ақшаны жұмсамай, бөліп төлей отырып, бір зат алсам, содан кейін егер кірісім төлеуге жеткіліксіз болса, депозит арқылы ішінара өтеймін». Бір қарағанда, мұндай логиканың да өмір сүруіне құқығы бар, бірақ бұл жағдайда мұндай тәсілдің қауіпті екендігі туралы ұмытпау керек.

Өмір деген күн санап өзгеріп отырады, кез келген уақытта ойламаған шығындарға тап болуға болады, себебі ешкім күтпеген жағдайлардан, қайғылы оқиғалардан сақтана алмайды. Дәл осындай кезде ақшаны депозиттен алуға тура келеді, ал кредит бойынша сомаларды өтеу ауыртпалығы депозиттер түрінде сақтандырылмаған кірістерге ғана түседі.

Мәліметтерді артығымен көрсету 

Бүгінгі күні ірі банктер өз клиенттеріне күнделікті қажеттіктері үшін азғана сомаға кредиттер мен бөліп төлеулер беру рәсімін жеңілдетті.

Осы уақытқа дейін азғантай сомаға кредиттер беру туралы шешім қабылдау үшін қарыз алушыдан оның жұбайының/зайыбының табысы туралы мәлімттер сұрату практикасы бар. Алайда, кейбір клиенттер кредит алу үшін өз кірісінің сомасын артығымен көрсетеді. Мұндай жағдайдан шығудың жолы оңай, тек отбасына келетін кірістің шынайы мөлшерін көрсету қажет, егер болашақта сіз қарыз сомасын қайтаруға қиналсаңыз, қарыз алушы ұтылмас үшін банк кредит беруден бас тартады.

Жалақының 50%-ы сізде қалу керек

Әрбір адам өз шығыстарын жоспарлаған кезде, егер ол кірісінің жартысынан көбін қарыздарын өтеуге ғана беретін болса, онда барынша қатаң үнемдеп, қалған қаражатқа өмір сүру қиынға соғатынын түсінуі қажет. Мұндай жағдайға душар болуды дұшпаныңа да тілемейсің, сондықтан қарыз алушы кредитті өтеуге неғұрлым аз сома жұмсаса, өмірінің жайлы болатынын түсінуі тиіс, бұл ретте 50% деген көрсеткішті есте мықтап сақтау қажет. 

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз тарапынан қазақстандықтар несиеге кірмеу үшін ақпаратты әзірлеп, енгізді. Біріншіден, егер қарыз алушы жаңа кредит алғаннан кейін өзінің барлық қарыздары бойынша кірісінің 50%-ын төлейтін болса, банктер жаңа кредит бермейді.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 1 қазаннан бастап кредиттік бюроларға берілген жаңа қарыздар туралы ақпаратты өнім берушілер (кредиттік серіктестіктер мен коллекторлық агенттіктерді қоспағанда) бір жұмыс күні ішінде, ал кредиттік тарих субъектілері жөнінде кез келген ақпаратты кейіннен жаңартуларды 10 жұмыс күні ішінде енгізуге міндетті. Осыдан бұрын олар ақпаратты айына екі рет – 15 жұмыс күні ішінде жаңартып отырған.

Бұл түзетулер кредиттік ұйымдарға қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалауға, кредит алуға берілген өтінімді қарау кезінде қарыз алушының борышты жүктемесі туралы өзекті ақпаратты көруге және оған жаңа қарыз беру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Қарыз алушының өзі жаңа қарыз алғанға дейін өзінің кредиттік тарихын сұрай алады және өзекті ақпарат бойынша оның басқа кредитті «тартатынын» бағалай алады. Сондай-ақ, бұл механизм азаматтарды оның білімінсіз бір адамға кредит рәсімдеуге байланысты алаяқтықтан қорғайды – кез келген күдікті операцияларды тезірек бақылауға болады.

Сатып алудың қажеттілігі мен жеделдігін бағалаңыз

Қарызға батуға жол бермейтін механизмдер — бұл халықтың шамадан тыс кредит алуына қарсы күрестің маңызды құрамдас бөлігі. Бірақ қазақстандықтардың борыш жүктемесін төмендетуде азаматтардың өздері де маңызды рөл атқаруға тиіс. Жасыратыны жоқ, біз бәріміз тірі адамбыз және жиі импульсивті сатып алулар жасаймыз, яғни алғымыз келген затты сол күні сол сағатта алу керек деп шешсек, тіпті қалтамызда ақша болмаса да, қарызды қайтару керектігін ойламастан кредит ресімдей саламыз не бөліп төлеуге келісеміз, ал ол ақшаны кредитордан алсақ, алған ақшаның үстіне банктің сыйақысын төлейтінімізді де естен шығарып жатамыз.

Сондықтан, кредитке немесе бөліп төлеу арқылы сатып алмас бұрын, сізге осы немесе басқа зат немесе тауар қаншалықты қажет екендігін әбден анықтап алыңыз, мүмкін сіз ол сатып алуды жалақы немесе сыйлықақы алғанға дейін күте тұрарсыз. Егер сатып алуды кейінге қалдыра алсаңыз, онда өз бюджетіңізді сауатты түрде бөліп, қалаған затыңызды кейінірек кредитке рәсімдемей, оған артқы пайыз төлемей, кейінірек кірісіңіздің қомақты бөлігін алмай-ақ сатып ала аласыз.

Кредит рәсімдеген кезде әркім сақтауы керек негізгі қағидалар: 

 - Кредит рәсімдеу туралы шешім қабылдамас бұрын, алдымен кредит рәсімдеудің оң және теріс жақтарын әбден саралап алыңыз;

- Кредитке кез келген зат сатып алмас бұрын, оны қазіргі уақытта сатып алу қаншалықты қажет екенін, сатып алуды кейінге қалдыруға болатынын не болмайтынын қараңыз;

- Сіз алған барлық қарыздар бойынша төлемдердің жалпы сомасын қадағалаңыз;

- Кредитке өтініш берген кезде нақты кіріс деңгейін көрсетіңіз;

- Барлық қарыздар бойынша төлемдер үлесі сіздің кірісіңіздің 50%-ына жуықтамауын қадағалаңыз;

- Кредитті рәсімдеуді жоспарлағанда, оны жинаған ақшаңыздың есебінен емес, тек жаңа кіріс көзінен төлейтіндігіңізге сеніңіз.

 

 Fingramota.kz-пен бірге кредиттік жауапкершілігіңізді арттырыңыз!

white-arrow Тізімге