1 шілдеден бастап Қазақстанда азаматтардың кепілсіз тұтынушылық кредиттері бойынша берешегін ұжымдық реттеуге арналған finkelisim.kz цифрлық платформасы жұмысын бастады. Бүгінгі күнге дейін қарыз алушылардан 5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл азаматтардың борыштық жүктемені реттеудің жаңа тетігіне жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар жаңа сервистің іске қосылуы тек қарыз алушылардың ғана емес, түрлі делдалдардың да назарын аударды. Олар өтініш беру, рәсімді сүйемелдеу қызметтерін ұсынып, тіпті бағдарламаға кепілді түрде қатыстыруға уәде бере бастады.
Есте сақтаңыз: өтінішті қарыз алушының өзі finkelisim.kz ресми сайты арқылы береді. Бұл үшін ешқандай делдалдың көмегі немесе қандай да бір қызметке ақы төлеу талап етілмейді.
Неліктен «көмекшілер» пайда болды?
Көпшіліктің қызығушылығын тудыратын кез келген жаңа мемлекеттік немесе қаржылық сервис әртүрлі делдалдардың назарын бірден аударады. Бірі ақылы көмек ұсынса, енді бірі өтінішті қарау мерзімін жеделдетуге немесе оң шешімге кепілдік беруге уәде етеді.
Алайда берешекті ұжымдық реттеу рәсімінде мұндай уәделердің ешқандай негізі жоқ.
Платформа автоматты түрде жұмыс істейді, ал белгіленген талаптарға сәйкестік кредиттік бюролардың деректері мен кредиторлар ұсынған ақпарат негізінде тексеріледі. Ешбір делдал қарыз алушыны рәсімге жіберу туралы шешімге немесе оның шарттарына ықпал ете алмайды.
Бұдан бөлек, бейтаныс адамдардың көмегіне жүгіну қосымша тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Өтініш беру үшін биометриялық сәйкестендіруден өтіп, дербес деректерді өңдеуге келісім беру қажет. Өзінің дербес деректерін, құжаттарын, растау кодтарын немесе жеке кабинеттеріне қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беру теріс пайдалануға, тіпті алаяқтыққа себеп болуы мүмкін.
Сондықтан Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға платформаны өз бетінше пайдаланып, тек ресми арналар арқылы жүгінуді ұсынады.
Платформа кімдерге арналған?
Цифрлық платформа қаржылық қиын жағдайға тап болған және бір мезгілде бірнеше кредитор алдында мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға арналған.
Әңгіме банктер, микроқаржы ұйымдары немесе коллекторлық агенттіктер алдындағы кепілсіз тұтынушылық кредиттер мен микрокредиттер бойынша берешек туралы болып отыр.
Платформаның басты мақсаты – қарыз алушыға берешегін кешенді түрде реттеуге, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және қаржылық жағдайының одан әрі нашарлауына жол бермеуге көмектесу.
Платформа іске қосылғанға дейін азамат әрбір кредиторға жеке-жеке жүгініп, келіссөз жүргізіп, әрқайсысымен бөлек келісуге мәжбүр болатын. Енді бір ғана өтініш беру жеткілікті. Бұл өтініш қарыз алушының міндеттемелері бар барлық кредиторлар тарапынан бір мезгілде қаралады.
Процедураны кім пайдалана алады?
Платформа арқылы өтінішті бір уақытта төмендегі талаптардың барлығына сәйкес келетін қарыз алушылар бере алады:
• күнтізбелік 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болуы;
• екі және одан да көп кредитор алдында берешегі болуы;
• берешектің жалпы сомасы 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін болуы (2026 жылы бұл 648 750 теңгеден 6 920 000 теңгеге дейін);
• берешек бойынша өндіріп алу туралы сот актілері, нотариустың атқарушылық жазбасы немесе мәжбүрлеп өндіріп алудың өзге де шаралары болмауы;
• қарыз алушыға қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдері қолданылмауы.
Қандай кредиттер ұжымдық реттеуге жатпайды?
Жаңа тетік кредиттердің барлық түріне қолданылмайтынын ескерген жөн.
Төмендегі кредиттер ұжымдық реттеу рәсіміне қатыса алмайды:
• ипотекалық қарыздар;
• автокредиттер;
• кәсіпкерлік қызметке байланысты кредиттер мен микрокредиттер;
• алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер;
• медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасалған кредиттер;
• банкроттық немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері қолданылған берешек.
Егер қарыз алушы ұжымдық реттеу талаптарына сәйкес келмесе, оның өтініші автоматты түрде банк омбудсманына немесе микроқаржы омбудсманына жолданады. Онда кредитормен бірлесіп берешекті реттеу бойынша шешім әзірленеді.
Өтінішті қалай беруге болады?
Өтінішті тек finkelisim.kz цифрлық платформасы арқылы беруге болады.
Ол үшін:
• интернет-браузер арқылы сайтқа кіріңіз;
• тіркеуден өтіп, биометриялық сәйкестендіруден өтіңіз;
• өтініш беріп, дербес деректерді өңдеуге келісім беріңіз.
Осыдан кейін платформа қарыз алушының белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.
Барлық талаптар сақталған жағдайда ақпарат кредиторларға жіберіледі. Олар берешек мөлшерін және қарыз алушының рәсімге қатысу мүмкіндігін растайды.
Одан кейін қарыз алушыға қол қою үшін бірыңғай берешекті өтеу кестесі мен медиативтік келісімдерді қоса алғанда, қажетті құжаттар жолданады.
Маңызды: құжаттарды алғаннан кейін оларды 72 сағаттың ішінде қол қою қажет. Егер осы мерзімде қол қойылмаса, өтініш кері қайтарып алынған болып есептеледі.
Берешек қалай өтеледі?
Құжаттарға қол қойылғаннан кейін кредиторлар өндіріп алу шараларын тоқтатады, ал қарыз алушы үшін берешекті өтеудің бірыңғай кестесі қалыптастырылады.
Әртүрлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына бірнеше төлем жасаудың орнына қарыз алушы бірыңғай кесте бойынша бір ғана төлем жүргізеді. Ал платформа түскен қаражатты кредиторлар арасында автоматты түрде бөледі.
Қарыз алушылардың басым бөлігі үшін берешекті өтеу мерзімі 5 жылға дейін, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына және атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 7 жылға дейін белгіленуі мүмкін.
Платформа алдағы уақытта қалай дамиды?
Платформаның іске қосылуы – берешекті реттеудің бірыңғай цифрлық тетігін қалыптастырудың алғашқы кезеңі ғана.
Бірінші кезеңде сервис сот актілері мен нотариустың атқарушылық жазбалары жоқ кепілсіз тұтынушылық кредиттер мен микрокредиттерді қамтиды.
Алдағы уақытта платформа функционалын кеңейту жоспарлануда. Атап айтқанда, сот шешімдері бар берешектерді қосу, сондай-ақ жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық рәсімдерімен интеграциялау көзделген.
Нәтижесінде азаматтарға берешекті сотқа дейінгі реттеуден бастап, заңнамада көзделген өзге де қарыз мәселелерін шешу тетіктеріне дейінгі барлық кезеңді бір цифрлық жүйе арқылы өтуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық маршрут қалыптастырылады.
Ең басты қағида — ешқандай делдалдарға жүгінбеңіз
Егер қаржылық қиындықтарға тап болсаңыз, мәселені шешуді кейінге қалдырмаңыз және берешегіңіз мәжбүрлеп өндіріп алу кезеңіне өткенше күтпеңіз.
Сонымен қатар мына қарапайым қағидаларды есте сақтаған жөн:
• өтінішті finkelisim.kz ресми сайты арқылы өзіңіз жіберіңіз;
• жеке деректеріңізді, растау кодтарын және жеке кабинеттеріңізге қол жеткізу мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеңіз;
• кепілді түрде мақұлдау немесе өтінішті жедел қарау туралы уәделерге сенбеңіз;
• құжаттарға қол қоймас бұрын оларды мұқият оқып шығыңыз;
• қаржылық мүмкіндіктеріңізді дұрыс бағалап, қол жеткізілген келісімдердің талаптарын сақтаңыз.
Ұжымдық реттеудің цифрлық платформасы ең алдымен қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және қарыз жүктемесінен біртіндеп шығуға мүмкіндік беру үшін құрылған. Сондықтан бұл құралды тек өзіңіз, жауапкершілікпен және тек ресми арналар арқылы пайдаланғаныңыз жөн.
Ондаған жолданымның орнына бір сервис: Қазақстанда кредиттер бойынша борыштарды реттеуге арналған пл...
Зейнетақы және қосымша жұмыс: қосымша табысты қалайша іздеуге және қаржы пирамидасына тап болмауға б...
Автосақтандыру: 2026 жылдан бастап жүргізушілер үшін не өзгереді
Назар аударыңыз! Делдалдар берешекті ұжымдық реттеуге «көмек» ұсынуда.
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық