САТУҒА БОЛМАЙДЫ, ТӘУЕКЕЛГЕ БАРУҒА БОЛМАЙДЫ: дроппер болмаудың жолдары

time 15.01.2025

Жастардың, тіпті егде жастағы адамдардың қылмыстық схемаларға тартылып, делдал, яғни дроппер болу жағдайлары жиі кездеседі. Кейде бұл олардың өз еркімен жасалса, кейде сенгіштік пен аңғалдықтың салдарынан орын алады.

Fingramota.kz-тің жаңа материалында дроппер болмаудың жолдарын қарастырып, жақындарыңызды қалай қорғауға болатынын талдаймыз.

Дропперлер – ақшаны шоттардан алаяқтық жолмен шығару схемасына қатысатын жалған адамдар. Олардың атына шоттар, карталар немесе электрондық әмияндар ашылып, сол арқылы қылмыстық жолмен алынған қаражат аударылады. Әдетте, дропперлер аударымдар немесе ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін сыйақы алады, бірақ олар қылмыскерлерге көмектесіп жатқанын түсінбеуі де мүмкін.

Егер кімнің жиі дроппер болатыны туралы айтатын болсақ, онда бұл: мектеп оқушылары мен студенттер, қолайсыз отбасылардан шыққан адамдар, зейнеткерлер, мұқтаж азаматтар және алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен адамдар. Қаскүнемдер азаматтардың бұл санаттары күшін, уақытын жұмсамай, тез ақша табуға мүдделі екенін, бірақ салдары туралы ойланбайтынын пайдаланады.

Еріксіз дроппер

Барлық дроппер алаяқтарға көмектесіп жатқанын білмеуі де мүмкін екенін айта кету қажет. Кейде алаяқтар ақшаны бейқам адамның шотына әдейі аударады, содан кейін «қате аударым» туралы хабарлап, ақшаны қайтаруын, бірақ басқа – жалған шотқа аударуын сұрайды. Мұндайда қаскүнемдер айла-шарғының барлық мүмкіндігін пайдаланады.

Олар жалдау ақысы, дәрі-дәрмек, емдеу немесе баланың оқуы сияқты төлемдерге арналған соңғы ақшаны қате жібергендерін айтып, аяушылық тудыруы мүмкін. Олар тіпті заңсыз баю фактісі бойынша сотқа жүгінеміз деп қорқытуы да мүмкін. Бірақ көбіне олар әлеуетті серіктесіне «алаңдатқаны үшін» қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдыруын, ал қалғанын көрсетілген шотқа аударуын сұрайды.

Бұл қауіпті, себебі қылмыстық тергеу кезінде полицияға сіздің қылмыстық схеманың қатысушысы екеніңізді дәлелдеу өте қиын болады.

Маңызды: өзіңізді қылмыстық схемалардан қорғау үшін қаражатты қайтару бойынша барлық операцияны мобильді қосымшада немесе өтінім бойынша тек банк арқылы жүргізіңіз. Содан кейін ғана қаражат үшінші тұлғалардың шоттарына емес, жөнелтушіге қайта түседі.


Мұндай схемаға қатысудағы қауіптілік қандай?

ҚР Бас прокуратурасы мынадай нақты жағдайды мысалға келтірді: азаматша Т. 2024 жылы дропперлерден 20 млн теңгеден астам соманы өндіріп алу бойынша сотты жеңіп шықты. Алаяқтар алдап соққан жәбірленуші төрт қазақстандықтың шоттары мен карталарына ақша аударғаны белгілі болды. Олар қылмыстық схемаға қатысқандарын білмеген, бірақ соған қарамастан белгісіз адамдарға қаражатты аударып жіберген.

«Дропперлер ақша түсу негіздерін анықтау үшін шаралар қабылдамағанын және оларды басқа адамдарға аударғанын ескере отырып, сот бұл әрекеттерді қаражатқа өз қалауы бойынша иелік ету деп танып, алынған негізсіз сыйақыны қайтаруға міндеттеді», – деп түсіндірді Бас прокуратура.

Айта кетейік, Қазақстанда алаяқтық әрекеттерге көрінеу қатысқаны үшін Қылмыстық кодекстің 28-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бүгінгі таңда елімізде ақша массасын негізсіз баю деп тану арқылы олар «қолма-қол ақшаға айналдырылған» қаражаттың толық сомасын дропперлерден өндіріп алу фактілері тіркелді.

Қабылданып жатқан шаралар 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де дропперлермен қарсы күрес шараларын қабылдауда. Мәселен, бір банкте бір клиентке шығарылатын карточкалар санын 10 карточкадан 5 карточкаға дейін қысқартуды, 5 карточкадан көп карточканы ұстаушыларға қатысты күшейтілген тексеру жүргізуге қойылатын талаптарды көздейтін түзетулер нормативтік деңгейде әзірленіп бекітілген. Бұдан басқа, бейрезиденттердің шоттар ашуына қойылатын талаптар қатаңдатылды: қолданылу мерзімі 1 жылдан аспайтын 1 картаны шығару; шот клиенттің жеке қатысуымен ғана ашылады және басқа да бірқатар шаралар.

Күдікті операциялардың мониторингі Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы шеңберінде де жүргізіледі. Егер күдікті операциялар анықталса, олар бұғатталады, ал деректер құқық қорғау органдарына беріледі.

Дроппер болмаудың жолдары

Егер сіз жұмыс іздеп жүрсеңіз, онда сіз алаяқтарға тап болып, дроппер болуыңыз да мүмкін. Сондықтан өте ұтымды жұмыс орындарынан сақ болыңыз және «тәжірибесіз қашықтан жұмыс», «тіркеу кезінде құжаттардың ең аз топтамасы», «күніне екі сағат жұмыс істеп, үлкен ақша алу», «ақша аударатын жұмыс» деген сияқты талаптары жазатындарға сенбеңіз. Сонымен қатар, «жұмыс беруші» клиенттерге қаражат аударамын деген сылтаумен белгілі бір банкте ғана картаны рәсімдеу туралы шарт қояды. Шын мәнінде сіздің шотыңыз ұрланған ақшаны аудару үшін пайдаланылады.

Өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:

  • жұмыс ұсынатын компанияны тексеріңіз;
  • жеке деректер мен құжаттарды бейтаныс адамдарға бермеңіз;
  • ешқашан банктік шоттарыңызға кіруге рұқсат бермеңіз.

Өкінішке қарай, дропперлер сіздің әріптестеріңіздің немесе таныстарыңыздың арасында да болуы мүмкін. Егер олар сізден жөнелтілімді қабылдауды немесе ақшаны көрсетілген шотқа аударуды сұраса, сіз ешбір күдіктенбей, өтінішін орындайсыз. Бірақ көбіне бұл тауарлар немесе ақша заңсыз жолмен алынады.

Сондықтан жақын ортаңызға кірмейтін адамдардан ақшаны немесе тауарларды ешқашан қабылдамаңыз немесе жібермеңіз. Бірақ ондай болғанның өзінде ақпаратты тексеріңіз. Егер сіз күдікті аударым алсаңыз, дереу банкке хабарлаңыз – сізді дропперлер пайдалануы мүмкін.

Тағы бір кеңес – мән-жайын нақты түсінбестен қаржылық схемаларға араласпаңыз. Мысалы, сізге тауарларды қайта сатумен, ақша аударымдарымен немесе криптовалютамен байланысты схемада делдал болуға ұсыныс жасауы мүмкін. Бұл, әдетте, компанияның «техникалық қиындықтарға» немесе «заңды шектеулерге» байланысты тікелей жұмыс істей алмауына байланысты болуы мүмкін. Бұл жағдайда әрқашан рөліңізді нақты сипаттайтын ресми шарттарды талап етіңіз және күмән тудыратын схемалардан аулақ болыңыз.

Сізді не тоқтатуы керек?

  • азғантай жұмыс үшін тым үлкен уәделер;
  • тәжірибенің немесе біліктіліктің қажет болмауы;
  • жеке ақпарат беру туралы негізсіз өтініштер.

Егер сіз білместен дроппер болдым деп күдіктенсеңіз, онда күмәнді аударымдар туралы дереу банкке хабарлаңыз. Әрі қарай полицияға өтініш беріңіз және құқық қорғау органдарына алаяқтар туралы барлық мәліметті беріңіз. Ең соңында, күдікті адамдармен аударымдарды, тауарлар жіберуді және жұмысты дереу тоқтатыңыз. Сақ болыңыз!

Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

white-arrow Тізімге