Жаңа жылдық чек-парақ: бюджеттіңізді мерекеге қалайша дұрыс есептеп, алаяқтардың айласына түсіп қалмаудың жолдары

time 29.12.2025

Желтоқсан  — жылдың ең қымбатқа түсетін  айы: сыйлықтар, мерекелік дастарқан, корпоративтік кештер мен саяхаттар отбасылық бюджетке ауыртпалық түсіреді. Дәл осы кезеңде адамдар импульсивті сатып алулар жасайды, асығыс кредит алады және мереке алдында белсенді болып  кететін алаяқтардың құрығына түседі. Жаңа жылды тыныш және жағымсыз тосынсыйларсыз қарсы алу үшін, Fingramota.kz сіз үшін арнайы чек-парақ жасады.

Ақылға қонымды мерекелік бюджет жасаңыз

Ақшаны жұмсамас бұрын, қанша ақша жұмсауға дайын екеніңізді түсіну маңызды — ол үшін шығындарды санаттарға бөліңіз: мысалы, сыйлықтар, мерекелік дастарқан, үйді безендіру  және дайындау, сапарлар мен түрлі іс-шаралар. Сондай-ақ, күтпеген шығындарға ақша қалдыруды ұмытпаңыз, себебі мереке күндері кез келген нәрсе орын алуы мүмкін — күтпеген қонақтар немесе сапарға шығар алдында көлігіңіздің бұзылуы. 

Есептеп көрейік, мәселен, ипотека мен міндетті шығыстарды төлегеннен кейін отбасының табысы 300 мың теңгені құрайды. Сыйлықтар ең қымбат шығынның бірі болғандықтан, оларға 40%-ды немесе 120 000 теңге бөлуге болады. Бюджеттен асып кетпеу үшін алдын-ала кімге сыйлық беретіндігіңізді, қандай және қанша тұратындығына тізім жасап алыңыз. 

Сыйлықтардан кейінгі шығыны біраз аздау, алайда  қомақты қаржыны қажет ететін — мерекелік дастарқан, оған біз бюджеттен 90 000 теңге немесе 30% бөлеміз. Ал үйді безендіруге  30 000 теңгедей ғана бөлуге болады,  өйткені, әдетте, әшекейлер өткен жылдардан қалады және оларды жаңартсаңыз жеткілікті. 

Саяхаттар мен ойын-сауық отбасының жоспарларына байланысты, сондықтан оларға тек 10% немесе 30 000 теңге бөлуге болады. Бұл киноға, тегін мерекелік қойылымдарға, концерттерге, жәрмеңкелерге немесе мұз айдынына бару болуы мүмкін. Егер сіз туыстарыңызға баратын болсаңыз, онда жол шығындары мен шағын сыйлықтарды санауды ұмытпаңыз.

Және де, соңғысы, дегенмен ең маңыздысы —  күтпеген шығыстар, оған да біз де 10% немесе 30 000 теңге қалдырамыз. Бұл қор сіздің қаржылық қауіпсіздігіңіз үшін маңызды, себебі мереке күндері көп нәрселер болып қалуы  мүмкін — аз дегенде бағаның өсуі, күтпеген қонақтар немесе шұғыл сатып алулар. Мүмкін, сантехникаңыз кенеттен істен шығып қалуы мүмкін және маман шақыруға ақша жұмсауға тура келеді. Сондықтан бұл тармақты да назардан тыс қалдырмаңыз.

Жаңа жыл қарсаңында белсенді болып кететін алаяқтардан сақ болыңыз

Мереке қарсаңында жалған сайттар, жалған сатушылар және аниматорлардың атын жамылып «жұмыс істейтін» алатын алаяқтар көбейіп келеді. Соңғылары ата-аналардың мереке күндері кішкентай балаларына  қуаныш сыйлау мақсатында Аяз Ата мен Ақшақардың қызметтеріне жүгінетінін пайдаланып, өз қызметтерін ұсынады. Алаяқтар әлеуметтік желілер арқылы көзге бірден түсетін жарнамалар орналастырады, төмен бағалар ұсыну арқылы ата-аналарды алдап, арбап өздеріне тартады.

Бұдан әрі олар екі бағытта жұмысын жалғастырады: не алдын ала төлем алып, бірден жоқ болып кетеді,  не үйге келіп,  біреуі ересектер мен балалардың көңіл-күйін көтеріп жатқанда, екіншісі ұрлықпен айналысып, үйдегі құнды заттарды алып кетеді. Сондықтан компанияның нарықтағы орнын мұқият тексеріп, тәуелсіз сайттардан нақты жазылған пікірлерді бір шолып шығыңыз, таныстарыңыздан ақпарат алыңыз және күмәнді сайттардан тапсырыс бермеңіз.

Алаяқтықтың тағы бір кең таралған түрі жалған акциялар мен сайттардың көшірмесі болып келетін сайттар арқылы жүргізіледі. Адамдар фишингтік беттердегі жарнамаларға алданып жатады, мұнда алаяқтар өте төмен баға көрсетеді, осы жерден алаяқтар ақшаны ұрлайды және құрылғыға вирус кіргізіп қояды. Тек тексерілген сайттардан сатып алыңыз, сайттың мекенжайын тексеріңіз (күдікті әріптерді ауыстыру болуы мүмкін — мысалы, Wildberries  орнына Wildberrie$) және қосымша жеке деректерді енгізбеңіз — жұмыс істеп тұрған дүкендерге ол қажет емес.

Сіз таң қалуыңыз мүмкін, бірақ тіпті зиянсыз құттықтау хаттары да алаяқтардың қолындағы қаруға айналды. Олар азаматтардың гаджеттерін бұзып кіру арқылы олардың жақындарына құттықтаулар жібереді, олар шын мәнінде зиянды ресурстарға әкеледі, олар құрылғыға шпиондық бағдарламалар орнатады — олардың көмегімен алаяқтар шоттардан ақша алады немесе кредит ресімдейді. Сондықтан, олар сіздің әжеңізден келген болса да, ешқашан сілтемелерге өтпеңіз.

Сондай-ақ, жаңа жылдық «инвестициялық ұсыныстардан» сақ болыңыз: мерекелерге дейін жалған брокерлер, крипто-алаяқтар және жай қаржы пирамидалары іске қосылады. Олар «Жаңа жылға қатысты кіріс», «кепілдендірілген кіріс» немесе «ақша салғандары үшін сыйлық бонустарына» уәде етеді. Алайда, инвестицияларда кепілдендірілген пайда жоқ екенін есте ұстаған жөн — мұны сізге кез келген нақты брокер айтады және барлық қаржы компаниялары ҚНРДА сайты арқылы оңай тексеріледі: егер лицензия болса, онда адамдарға сенуге болады, егер жоқ болса, біз ұсыныстан ол қаншалықты тиімді болып көрінсе де бас тартамыз.

Сонымен, желтоқсан айы қаншалықты қарбалас болса да, балалар мен қарт туыстарыңызға көңіл аударыңыздар, олардың мұқият болуын қадағалаңыз, оларға уақыт бөліңіз, себебі олар көбінесе алаяқтық схемалардың құрбаны болады. Оларға қоңырау шалып, мысалы: «Сіздің анаңыз апатқа ұшырады, Сіз оның полицияда болғанын қаламайсыз ғой? «немесе» сіздің немереңіз ауруханада, шұғыл түрде емделуге ақша қажет» деп айтуы мүмкін. Оларға қарапайым ережені: ешқашан кодтарды, карта деректерін және CVV-ді ешкімге жібермеуін және қандай жағдай болса да айтпауын түсіндіріңіз. Кез келген күмән туындаған кезде Сізге бірден қоңырау шалуын сұраңыз.

Бүкіл ақшаңызды желтоқсанда жұмсап қоймаңыз

Көтеріңкі көңіл-күйде ақша жұмсауға қызықтырып тұратын жайттар көп, себебі Жаңа жыл — тосынсый, жылына бір-ақ рет болатын мейрамды жақсылап бір тойлайық. Бірақ ешкім қаржылық міндеттемелердің күшін жойған жоқ, және сіз барлық жақындарыңызды қымбат сыйлықтармен толтырып, өзіңізді қуантып, үйді безендіргіңіз келсе де, қаңтар айына резерв дайындау керек екенін ұмытпаңыз. Себебі 2026 жылдың бірінші айында біз барлық бірдей коммуналдық төлемдерді, ипотека немесе жалдау төлемдерін, көлік шығындарын, азық-түлік шығыстарын, дәрі-дәрмектерді және т. б. төлем жасауымыз қажет. Сондықтан желтоқсан айындағы жалақының кем дегенде 15-20%-ын қаңтарға қалдырыңыз, егер сізде сыйлықақы болса, оның бір бөлігін де кейінге қалдырған дұрыс. 

Тағы да бір маңызды кеңес: мереке үшін кредит ресімдемеңіз - олар үшін де сіз қаңтарда төлейсіз. Егер сіз қарызсыз сыйлық ала алмасаңыз, онда бұл сыйлық сіз үшін өте қымбат. Арзанырақ, алайда сыйлық беретін жанның немен айналысатынын ескере отырып, мағыналы сыйлық берсеңіз сол дұрысырақ болады.

Қорытынды чек-парақ

Қорытындылап, айтқанымыздың негізгілерін жинақтасақ: 

  • Шығыстардың жалпы лимитін айқындаңыз.

  • Бюджетіңізді санаттарға бөліңіз: сыйлықтарға, дастарханға, үй/декор, ойын-сауық, болжанбаған шығындар.

  • Желтоқсанның бүкіл кірісін жұмсап қоймаңыз — 15–20%-ын қаңтарға қалдырыңыз.

  • Сыйлықтардың тізімін алдын-ала жасаңыз.

  • Сайттарды жалған-жалған еместігін (мекенжайларын, ол туралы пікірлер, байланысу телефондарын) тексеріңіз.

  • Мессенджерлерде сілтемелерге ашық хаттар бойынша өтпеңіз.

  • Аниматорларға алдын ала ақы төлемеңіз және тексерілмеген мамандарды үйге жолатпаңыз.

  • Сатушылар мен сервистерді тексеріңіз, карталардың деректерін және кодтарды хабарламаңыз.

  • Кепілдік берілген пайдасы бар-мыс «жаңа жылдық» ұсыныстарға көңіл аудармаңыз.

  • Қаржы компанияларының лицензияларын ҚНРДА-ның сайтында тексеріңіз.

  • Балаларыңыз бен жасы ұлғайған жақындарыңызға мереке қарсаңында жиі болатын алаяқтықтар туралы ескертіңіздер.

Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге