Childwise ұйымы жүргізген зерттеулерге сәйкес, 5-тен 16 жас аралығындағы балалар гаджет экрандарының алдында орта есеппен күніне 6,5 сағатқа дейін отырады екен. Сондай-ақ дәл осы балалар аңғалдығы мен ата-анасы тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан, киберқылмыскерлердің тұзағына жиі түседі. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін қарапайым ережелерді сақтау жеткілікті.
Балаларыңыз желілік қауіпсіздік туралы не білулері керек?
Жыл сайын миллиондаған жасөспірім өздері ештеңені аңғармастан алаяқтық әрекеттердің құрбанына және сыбайласына айналып жатады. Қастандық ойлаушылар тұзақ жүйесін мұқият құрып, әр деталіне дейін жан-жақты ойластырып, тыңғылықты дайындалады, сондықтан да тұзаққа түсушілер қауіпті дер кезінде байқамай қалады. Барлығы әлеуметтік желідегі қарапайым лайктар мен бөлісулерден басталуы мүмкін. Бұл алаяқтарға берілген белгі — осылайша сіз «еліктіру шұңқырына» тап боласыз. Қастандық ойлаушылар сіз туралы ақпарат жинауды бастап кетеді. Ары қарай олар сіздің қызығушылықтарыңыз бен қолдарындағы сіз туралы мәліметтерді пайдалана отырып, нақты сценарий құрады. Алаяқтардың басты мақсаты — сізді жабық чаттарға кіргізу, бірдеңеге төлем жасауға итермелеу, телефонға орнатуға көндіру немесе достарыңызға зарарлы файлды жіберу.
Мұндай топтарды блоктап тастау және желідегі қылмыскерлерге тосқауыл болу өте қиын, себебі олар белгілі бір уақытқа дейін заңға қайшы ештеңе жасамайды. Әрі алаяқпен оның құрбанының әрекеті жеке жүзеге асады. Міне, сондықтан да алаяқтардан әркім өзін өзі ғана қорғай алады. Бұл қиын емес — күмәнді әрекеттерге араласпаңыз!
Өмірден алынған мысал. Интернеттегі балгер
Сіз интернеттен болашағыңызды болжап беремін деген қызметті ұсынатын жарнамаға тап боласыз. Ертең не болатынын кімнің білгісі келмесін? Сіз сілтеме арқылы өтіп, сауалнамаға жауап беріп, аты-жөніңізді және туған күніңізді жазасыз. Ақыры өзіңіз туралы: жан-жануарларды жақсы көресіз, саяхаттағанды ұнатасыз, нақты ғылымдарға жақынсыз, сондай-ақ шығармашылық адамысыз деген секілді көптеген ақпарат ала бастайсыз. Шынымен, экстрасенстың дәл өзі ме? Егер ақша жолдасаңыз, болашағыңыздың барлық құпиясы ашылатын болар? Негізінде, бұл қарапайым жағдай: алаяқтар сіздің аты-жөніңізді білгеннен кейін, әлеуметтік желідегі саяхаттап жүрген суреттеріңіз, үй жануарлары, мектептегі марапаттар салынған профиліңізді тауып алады.
Өмірден алынған мысал. Досыңызға қауіп төнгенде
Түн ішінде досыңыздан жылдам арада беймәлім бір банк картасына ақша аудару туралы өтініш түседі. Ол өзіне тән емес мінез көрсетіп, аяқ астынан ұрыс-керіске тап болғанын, тез арада ақша керектігін, барлығын кейін түсіндіретінін жазады. Сіз адал досы ретінде ақшаны салып жібересіз де ұйқыға жатасыз. Ал таңертең түнде біреулер досыңыздың аккаунтын бұзып кіргенін және таныс контактілердің бәрі осыған ұқсас өтініш жазылған хат алғанын білесіз. Әрине, олардың арасынан да досыңызға көмектескісі келгендер табылған.
Жасауға болмайтын нәрселер
Қосымшалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қандай қауіп төндіреді?
Шетелдік әлеуметтік зерттеулердің біріне сәйкес, жасөспірімдер шын мәнінде әлеуметтік желідегі он досының алтауын танымайды екен. Келесі бір сауалнамада балалардың 43 %-ы 12 жасқа дейін таныс емес адамдармен хат алмасқандарын мойындаған. Ал олардың арасында алаяқтар да, өзге қауіпті тұлғалар да болуы мүмкін. Оларды қалай ажыратуға болады?
Жалған профиль. Қылмыскерлер көп жағдайда өз профильдерін баланың аккаунтына жасырады. Сіз өзіңіз секілді баламен хат алмасып отырмын деп ойлайсыз, шын мәнінде бұл ересек адам болуы мүмкін. Өздеріңіз жақсы білетіндей, интернетте адамның жеке мәліметтерінің растығын тексеру қиын.
Бұдан бөлек те тұзақ түрлері бар. Кей алаяқтар өздері ұрлап алған фотосуреттер мен дербес дереткерді пайдалана отырып, бөгде адамдардың профилін көшіреді немесе соған ұқсас профиль ашады. Кейін осы парақшаларды әлеуметтік желілерде пайдаланады. Ал енді біреулер басқалардың аккаунтын тұтынушының толық деректерімен бірге ұрлап алып, оны сатылымға шығарады.
Қауіпті қосымшалар. Қосымшалардың арасында сіздің орналасқан орныңызды қадағалап, хабарламаларыңызды, фотосуретіңіз бен контактілеріңізді жолдап отыратын түрлері де кездеседі. Сондай-ақ қосылғандардың барлығы өз ойларымен, жазбаларымен, хабарламаларымен, суреттерімен және өзге де деректерімен шын есімін көрсетпестен бөлісе алатын «сыр ақтару» - қосымшалары болады. Алайда қосымша пайдаланушының нақты тұрғылықты орнын сәйкестендіреді, бұл пайдаланушыдан бір километр қашықтықта тұратын адамдармен байланысқа түсуге мүмкіндік береді.
Көпшілік қолданатын күрделі ойындар. Командалық ойындар берік әлеуметтік байланыс құрып, баланы ойынға құмарта түседі. Әдетте, мұндай ойындардағы заттар нақты ақшаға сатып алынады, бұл бір жағынан отбасылық бюджетке соққы болса, екінші жағынан — ойынды ары қарай жалғастыруға ынталандыра түседі. Психологтар баланы 11-12 жасқа дейін мұндай ойындарға жолатпауға кеңес береді және мұндай ойындардың баланы бірінші кезекте қарым-қатынаспен баурап алатынын растайды.
Желіде қаншалықты жиі алдайды?
Көп жағдайда ғаламторда балалардан ақшаны құмар ойындар, ақылы жазбалар, әлеуметтік желідегі алаяқтық, қорқыту, онлайн-сауда кезіндегі өтірік арқылы алады. Онлайн-қылмыстың бұл түрлері туралы толығырақ сөйлесейік.
- Заң бойынша, онлайн немесе офлайн болсын, кез келген сауда кезінде кассалық чек немесе жария оферта берілуі керек. Алайда, іс жүзінде, тауарды сатып алғанда әлеуметтік желіде чек берілмейді. Сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, пайдаланушылардың шамамен 40 %-ы әлеуметтік желіде сауда жасаған уақытта алаяқтарға тап болған.
- Балаларға арналған тұтас онлайн-казинолар да бар. Бұл казиноларға балаларды танымал видеоблогерлер «тартады». Олардың мақсатты аудиториясы мектеп оқушылары: олар мұндай сервистерді жарнамалайды немесе өздерінің ойындағы тәжірибелері туралы әңгімелейді. Жұмыс істеу қағидасы жағынан қарапайым казиноға ұқсас: мұндай ойындардың сайттарында рулеткалар да, сандық ашқызатын ойындар да бар. Олардағы ойын ақшаға емес, жасөспірімдердің арасында танымал ойындардағы заттарға жүргізіледі. Әйтсе де, балалар бұл заттарды ақшаға сатып алады, ал ұтысты бір ғана арнайы сервистердің көмегімен шығарып алуға болады. Мұндай казиноларда жоғары ұтыс қою үшін балалар ата-аналарынан ақша ұрлай бастайды, ал бұл әрекеттерін ойынды жеңген соң ақшаны міндетті түрде қайтарып беремін деп ақтайды.
- Көп жағдайда алаяқтар баладан ақшаны қайырымдылықты алға тарту арқылы алады. Бөгде біреудің аккаунтына кіріп алған қаскүнем достарының тізімі бойынша жылдам арада телефонына бірлік салуды немесе болмашы соманы салып жіберуді өтінеді. Бала осындай жағымсыз жағдайға тап болмауы үшін онымен осындай жағдайлар туралы сөйлесу керек.
- Алаяқтар баланың қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізсем немесе отбасыма көмектессем деген ниетін өз мүдделеріне пайдаланып, оны ақша табудың түрлі заңсыз жолдарына итермелеулері мүмкін. Көп жағдайда бұған түрлі қаржылық пирамидалар мен MLM-сауда жатады. Сондай-ақ кейде балаларды ұрланған банк карталарынан белгілі бір сыйақыға ақша шешіп алатын кардингке тартады.
Баланы ғаламтордағы жағымсыз ақпараттан құтқарудың түрлі техникалық құралдары да бар. Ең әуелі антивирусты компьютерге ғана емес, сонымен қатар смартфондар мен планшеттерге де орнату қажет. Сондай-ақ баланың ғаламторда қауіпсіз отыруын қамтамасыз ететін арнайы бағдарламаларды немесе ата-ананың бақылауы қызметтерін пайдалануға болады.
Алаяқтар трендте: алдаудың нақты жағдайлары және одан қорғану әдістері
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
ХӘОТ қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сатуды және одан шығаруды тоқтата тұру жөніндегі меморанду...